Ақшасын қайтара алмаған тұрғындар полицияға шағымдануға мәжбүр болған
Түркістан облысында «Англияға жұмысқа жіберемін» деп жұртты алдап жүрген адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ауыл тұрғындары ортақ танысының үстінен арызданған. Олар «Англия мемлекетіне әртүрлі жұмысқа орналастырып беремін» деген адам өздерінен 800 мың теңге алып, уәдесін орындамай кеткенін айтқан. Жарты жылдан бері ақшасын қайтара алмаған тұрғындар полицияға шағымдануға мәжбүр болған.
Аталған жайтты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
«Тәртіп сақшылары күдіктіні табуға бағытталған жұмыстарды атқарды. Полицейлердің атқарған жедел шараларының нәтижесінде күдікті ретінде Түркістан қаласының тұрғыны ер адам ұсталды. Ол берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай, жарты жылға жуық уақыт өтсе жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған. Жәбірленуші ақшасын қайтару мақсатында полиция қызметкерлеріне шағым түсірген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ПД хабарламасында.