Қылмыскер 15 жылға бас бостандығынан айырылды
Павлодарда әйелін 28 рет пышақпен жарақаттаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кісі өлтіру фактісі(ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы) бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Іс материалына сүйенсек, 2021 жылғы шілдеде айыпталушы пәтерде ажырасуға байланысты жанжал кезінде өзінің әйелін аса қатыгездікпен өлтірген. Денесінің әртүрлі бөліктеріне ас үй пышағымен 28 рет жарақатын салған. Жәбірленуші қылмыс орнында жан тапсырған. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалармен және сотта зерттелген басқа дәлелдермен дәлелденді.
"Прокурор сотталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы мен оның адвокаты «ерекше қатыгездік» белгісін алып тастауды және әрекеттерді ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігіне қайта саралауды әрі ең төменгі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындауды, сондай-ақ талап-арыз талаптарын толық көлемде қанағаттандыруды сұрады", - дейді облыстық соттың баспасөз қызметінде.
Бұл әрекеті үшін заңмен 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Дегенмен кінәні жеңілдететін жағдайларды - жас баланың асырауында болуын, кінәні ішінара мойындауын ескере отырып, сот ең жоғары қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде өтеумен 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушілердің талап арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.