Қасақана от қойылған: Павлодар мектептеріндегі өрттің себебі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Төтенше оқиғадан кейін өңірдегі барлық білім ошағында өрт қауіпсіздігі тексеріле бастады

Фото: 24.kz

Жуырда ғана Павлодарда екі бірдей мектептен өрт шыққан еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше оқиғадан кейін өңірдегі барлық білім ошағында өрт қауіпсіздігі тексеріле бастады. Қала мектептерінің бірінен 850 оқушы қауіпсіз жерге шығарылды. Оқу-жаттығудың жоспары бойынша өрт химия кабинетінен шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткенше мектеп басшылығы балалар мен мұғалімдерді шұғыл түрде эвакуациялады. Оқу ордасынан шығуға бас-аяғы 37 секунд кетті. Бұл – талапқа сай уақыт.

Қалалық №16 мектепте 37 сынып бар. Оқу-жаттығуға дайындық барысында дабыл іске қосылып, балаларға төтенше оқиға туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Оларға өрт бола қалған жағдайда шығатын есіктер көрсетіліп, дәкеден тігілген бетперделер таратылды.

Ал осыған дейін Павлодар мектептерінде болған өрттің себептері анықталды. Қалалық №1 мектепке қасақана от қойылса, №28 мектептің физика кабинетінде электр сымының тұйықталуы себеп болған.

«Осыдан екі ай бұрын энергетикалық аудит өтті. Ондай тексерулер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Наурыз айының 24-де Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан тексеріс жүргізілді. Өрескел қателіктер табылған жоқ. Бірқатар олқылық анықталғаны рас. Біз оны дер кезінде жойдық және оған қаржы кеткен жоқ. Бүгінгі таңда қауіпсіздік шараларына баса мән беріп отырмыз», - деді қалалық №16 мектеп-лицейінің басшысы Татьяна Мигунова.