Павлодар тұрғыны сотта өзін пышақпен жарақаттаған досын кешірді
Өткен жылдың сәуір айында екі ер адам жанжалдасып, біреуі пышақпен жарақат салған
Павлодар тұрғыны сотта өзін пышақпен жарақаттаған досын кешірді. Үкім қылмыстық істер бойынша облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта шығарылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Өткен жылдың сәуір айында облыс орталығындағы Торайғыров көшесінде екі ер адамның арасында жанжал болған.
Сотталушы бастапқыда ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша адам өлтіруге оқталғаны үшін сотқа тартылды. Прокурор осы бап бойынша ер адамды кінәлі деп тануды және оны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Алайда, досының қолынан зардап шеккен павлодарлық сотталушымен бұрыннан таныс екенін және оны кешіргенін айтты. Сондай-ақ, сотта ер адам досын қатаң жазаламауды және оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот талқылауы барысында қолына пышақ алған ер адамның өлтіруге оқталғаны туралы кінәсі расталған жоқ. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі – «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша ауыстырылды.
"Сот жеңілдететін мән-жайларды - жасалған әрекетке кінәсін мойындау және өкіну, ауырлататын мән-жайлар болмағанын ескере отырып, сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты жазаның өтелмеген бөлігін 1/3-ке қысқартты. Залал болмағандықтан, жәбірленушімен талап арыз берілмеген, сот орта қауіпсіздік атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен үш жыл алты ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады", - деп хабарлады сотта.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.