Қазақстан аумағында казино ісін ұйымдастыруға Шучье, Қапшағай қалаларында ғана рұқсат етілген
Петропавл қонақүйлерінің бірінде жұмыс істеп келген казино анықталды. СҚО экономикалық тергеу департаментінің мамандары заң бұзушыларды қолға түсіру үшін екі ай бойы бақылаған.
Казино облыс орталығындағы қонақүйлердің бірінің жертөлесіне орналасқан. Күзетшілер ол жерге тек тұрақты клиенттерін ғана кіргізіп отырған. Арнайы операция кезінде казинода 22 ойыншы болыпты. Есеп-қисап құжаттарын тексеру барысында ойын залынан фишкалар, покер үстелдері, покер карталары мен 1 млн 270 мың теңге (күндік табыс) ақша тәркіленді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, казино ісін тек Ақмола облысының Шучье, Алматы облысының Қапшағай қалаларында ғана ұйымдастыруға рұқсат етілген.
«Казино ұйымдастырғандардың ісі ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 307 бабына қайшы келеді. Заң бойынша, ойын бизнесін белгіленбеген аймақта ашқандарға 5 мың АЕК көлеміне дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Ал құмар ойын ойнағандар 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі тиіс», - деді СҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма жетекшісі Виктория Пивоварова.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО