Шымкент тұрғыны анасының атынан несие рәсімдеп, ақшасын жұмсап жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

35 жастағы азамат ұсталып, өз ісін мойындады

Фото: ашық дереккөзден

Шымкенттік тұрғын анасының атынан несие рәсімдеп, ақшасын жұмсап жіберген, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Полиция басқармасына 102 арнасы арқылы егде жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша, ұлы алаяқтық жолмен жеке куәлігі мен банк картасын алып, атына несие рәсімдеген. Яғни, анасын суретке түсіріп, жеке дербес мәліметтерін пайдаланып, ескертуінсіз 60 мың теңгеге несие рәсімдеп, ақша банк картасына түскенде шешіп алған. 

Арада уақыт өте жәбірленуші банктен зейнетақысын алайын дегенде болған жайтты біліп, тез арада тәртіп сақшыларына шағымданып, мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. 

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеді. Орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында Еңбекші АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына жұмылды. Жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, полицейлер 35 жастағы, бұрын екі рет сотты болған азаматты тұрғылықты мекенжайынан ұстап, басқармаға жеткізді. 

Тексеру барысында ер адам өз ісін толығымен мойындап, алған ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсағанын айтқан. Сондай-ақ, қазіргі уақытта өкінетінін жеткізіп, жәбірленуші өкілінен кешірім сұрап, келтірілген шығын көлемін толық өтеген.