Түркістан облысында жер бетіне шығып қалған адам сүйектері тұрғындарды шошытып отыр
Жергілікті билік халықты асығыс қорытынды жасамауға шақырады

Әлеуметтік желіде адам сүйектерінің қалдығы түсірілген суреттер тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жер бетіне шығып қалған адамның бас сүйегі мен басқа да сүйек қалдықтары халықтың үрейін туғызып отыр. Куәгерлердің айтуынша, сүйек қалдықтарының суреті Түркістан облысы Төле би ауданына қарасты Біркөлік ауылында түсірілген.
«Жергілікті тұрғындар бұл жердің өткен жылы қазыла бастағанын айтады. Жаңбырдан кейін жер үстінде адам сүйегінің қалдықтары көріне бастаған. Бұл жерде бұрын ескі зират болған болуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Төлеби ауданының әкімдігі қазірше мәселені ушықтырып асығыс қорытынды жасамауға шақырады. Олар алдымен оқиға орнына барып, жағдайды өз көздерімен көріп, мұқият зерттеу қажет екенін атап өтті.
«Ауыл әкімі мұны өз бақылауына алды, жер иесімен оның қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар-жоғын талқылаймыз. Жаңбыр кезінде де бақылап көреміз. Жағдайды қадағалап отырамыз», - деді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев.