Павлодар облысында қылмыстық топ апта сайын қожалықтардан ірі қара ұрлап, базарларға сатқан

Azattyq Rýhy

Биыл өңір аумағында мал ұрлығының 14 фактісі тіркелген

Фото: syr-media.kz

2021 жылдың қыркүйегінде құрамы жеті адамнан тұратын топтың сегіз мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс-әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, олар аптасына бір рет ірі шаруа қожалықтарының бірінен 1-2 бас ірі қара мал ұрлап, демалыс күндері Екібастұз базарларында ет өнімдерін сатқан.

Биыл өңір аумағында мал ұрлығының 14 фактісі тіркелген. 2022 жылдың наурыз айында өткізілген «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша тоғыз мал ұрлығы ашылып, мал ұрлығына қатысты  бір топ ұсталған.

"Мал және ет өнімдерін тасымалдау және сату үшін ветеринария саласында 62 құқық бұзушылық анықталды. Мал және ет өнімдерін сататын 100-ге жуық орын, сондай-ақ 243 шаруа қожалығы мен жайылым орындары тексерілді. Мал жаю ережелерін бұзудың 117 фактісі анықталды. Ұйымдастыру шаралары мен мақсатты жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылы 30 мал ұрлығы тіркеліп, оның ішінде 7 қылмыстық топ ұсталды", - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

2022 жылғы наурызда мал ұрлығының 4 фактісін жасаған қылмыстық топ ұсталды. Ақтоғай ауданының тұрғындары ұрланған малды көрші Ақмола облысының аумағында сатқан.

Сондай-ақ биыл 3 айдың қорытындысы бойынша бақылаусыз мал жаюдың 435 фактісі анықталды, барлық бұзушылар ҚР ӘҚБК 408-бабына сәйкес  жауапкершілікке тартылды.

Павлодар облысы полиция департаменті тұрғындарға қауіпсіздіктің ең қарапайым шараларын сақтауға кеңес береді: үш жақты шарттар жасасу арқылы малды қараусыз қалдырмау (иесі – әкімдік - бақташы); GPS-трекерлер орнату арқылы малды бақылаудың заманауи әдістерін кеңінен қолдану, мал басын міндетті түрде таңбалау және биркалау. Бұл ұрланған және жоғалған малды іздеуге оң әсер етеді.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы мал ұрлығы үшін жазаны қатаңдату қажеттігін атап өткен болатын. Қылмыстық кодекске жеке «Мал ұрлығы» бабы енгізілді, оған сәйкес 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жаза қарастырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.