Білім басқармасының қызметкерлері әр мұғалімнен 150 мыңнан 200 мың теңгеге дейін пара алған
Шығыс Қазақстан облысының No2 соты білім басқармасының төрт қызметкеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы, персоналды басқару қызметінің бастығы және аудандық білім бөлімінің екі қызметкері Алаяқтық жасағаны үшін сотталды.
«Мемлекеттік қызметшілер қызмет бабын пайдалана отырып, аттестациядан өтушілерді жаңылыстыру арқылы зардап шеккендерге аттестациядан өтуге және тиісті біліктілік санатын алуға көмектесуге уәде берді. Осылайша, шенеунік әйелдер жалпы сомасы 2 930 000 теңге болатын бөтен ақшаны иемденген», - деп хабарлады ШҚО сотының баспасөз қызметі.
Шенеуніктердің аттестация тапсырған мұғалімнен 150 мыңнан 200 мың теңгеге дейін пара алғаны хабарланды. Олар бұл әрекетін банк қосымшасы арқылы жүзеге асырып, кейіннен достары мен туыстарының есепшотына жіберген.
«Сот үш сотталушының кінәсін мойындауы, денсаулық жағдайы (медициналық есепте тұрады), залалдың болмауы, жас мүгедек баласының болуы сияқты жазаны жеңілдетер мән-жайларын ескере отырып, іс бойынша үш жауапкерге: 13 300 000, 6 000 000 және 4 500 000 теңге айыппұл салды. Төртінші сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екені ескеріле отырып, сот оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және үкімнің орындалуын бес жылға кейінге қалдырды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес, білім саласының бұрынғы шенеуніктері бұдан былай мемлекеттік қызмет атқара алмайды.