Оқиғадан материалдық залал келгенімен, адам шығыны болған жоқ
Түркістан облысында Ресейден Тәжікстанға бара жатқан ауыр жүк көлігі жүгімен бірге өртеніп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 9 сәуірде түнгі сағат 21:00 шамасында Бәйдібек аудандық полиция бөліміне 102 арқылы Самара – Шымкент тасжолының 73-шақырымында, яғни Жиенқұм ауылының маңында жүк автокөлігі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Оқиға орнына жеткен Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы мұқият тексеру барысында Ресейден, Тәжікстан Республикасына қарай бара жатқан тәжікстандық азаматтың басқаруындағы «Вольво» маркалы ауыр жүк көлігінің тіркеме баллоны тұтанғаны анықталды. Өрт шығуы салдарынан үлкен жүк көлігі тіркемесіндегі тұрмыстық техникамен бірге толықтай жанып кетті», - делінген ПД хабарламасында.
Оқиғадан материалдық залал келгенімен, адам шығыны болған жоқ. Жүргізуші өзімен бірге көліктің құжаттарын алып үлгерген.
Қазіргі кезде өрт сөндіріліп, жол ашылып, тазалау жұмыстары жүргізілді.
Аталған жайт Бәйдібек АПБ-да тіркеліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.