«Қазақмыстағы шабуыл»: жараланған бас директор ес-түссіз жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Амангелді Мініғұловқа операция жасалып, қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр

Дәрігерлер «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловтың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі baigenews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Амангелді Мініғұлов пен оның қол астындағы басқармалардың бірінің жетекшісі Сабыржан Тембаевқа ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бас директор Мініғұлов жансақтау бөлімінде, ал Сабыржан Тембаев хирургиялық бөлімде жатыр.

«Сабыржан Тембаев қарны тұсынан, алдыңғы қабырғасы астынан пышақ жарақатын алған. Ол есін біледі, қазір хирургия бөлімінде ем алып жатыр, - деді Жезқазған медициналық орталығындағылар.

52 жастағы «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен өндіру кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловтың жағдайы ауыр. Төбелес кезінде оған арқасынан пышақ сұққан. Қазіргі уақытта ес-түссіз жатыр.

«Науқасқа операция жасалды. Гемодинамикасы тұрақты, оған барлық қажетті кешенді көмек көрсетіліп жатыр», - дейді дәрігерлер.

Қарағанды ​​облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің екеуіне де барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 21 қаңтар күні сағат 18:20-да «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Амангелді Мініғұловтың  кабинетінде болған.