Павлодарда Қызыл кітапқа енген балықты аулағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақсу қаласы ауылдық аймағының тұрғындары сылан балығын аулаған
Павлодар облысында Қызыл кітапқа енген балық аулаған екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы бойынша балық инспекциясының бөлім басшысы Самал Темірболатова мәлім етті.
"Екі адам Ақсу ауылдық жерінде орналасқан Зубат көлінде бір сылан балығын аулаған. Сылан балығы Қызыл кітапқа енгендіктен, аулауға болмайды. Сондықтан қылмыстық іс қозғалып, қазір соттың қарауында. Олар балықты тормен аулаған. Бұл тұрғындар бұрын мұндай қылмыс жасамаған", - деді Самал Темірболатова.
Спикердің айтуынша, облыста Қызыл кітапқа енген балықтың екі түрі бар: сылан мен сібір бекіресі.
"Өткен жылы Май ауданы тұрғынының сібір бекіресін аулағаны үшін бас бостандығы шектелді", - деді Самал Темірболатова.
Айта кетейік, елімізде аулауға болатын балықтың 52 түрі бар. Соның ішіндегі 15 түрі Павлодар облысының су айдындарында кездеседі. Бірақ бұл балықтарды аулаудың белгіленген мөлшері бар.