Павлодар облысында мас күйінде жұмысқа шыққан автобус жүргізушісі ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері облыс жолдарында көлікті мас күйінде басқарған 310 жүргізуші анықталған

Фото: ашық дереккөзден

Успен ауданының полицейлері таңертең көшелерді аралау барысында жергілікті ұйымдардың бірінің автобусының күдікті қозғалысын анықтаған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер көлікті тексеру үшін тоқтатқан кезде  жүргізушінің мас екенін анықтаған. 

"Жұмыс күнін енді ғана бастаған жүргізуші ұйым қызметкерлерін көрші ауылға жеткізген. Полиция қызметкерлері оны медициналық тексеруге жіберді. Сараптама қорытындысы ер адамның алкогольдік ішімдік ішкенін растады. Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 619-1-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жұмыс берушісі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді Успен аудандық полиция бөлімінің басшысы Берік Оралов.

Айта кетерлігі, биыл жыл басынан бері облыс жолдарында көлікті мас күйінде басқарған 310 жүргізуші анықталып, олардың барлығы жауапкершілікке тартылды.