Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Алматыда туғанына 10 күн болған сәби дәрігерлердің кесірінен шетінеп кетті

Шетінеген сәбидің туыстары «бала дүниеге аман-сау келді, ол дәрігерлердің кесірінен көз жұмды» деп полицияға арызданды

Қайғылы жағдай Алматы қаласындағы Түрксіб ауданында болған. Андрей Рогозин есімді ұл бала 9 қаңтар күні туған, алайда небәрі он күн өмір сүрген шақалақ 19 қаңтар күні шетінеп кетті. Сәбидің ата-анасы қайғылы жайтқа өз істеріне жауапсыз қараған дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Туыстарының айтуынша, Андрей №4 қалалық перезентханада дені сау күйінде дүниеге келген. Салмағы 4 келіден асып туған. Перезентханада оған «В» гепатитіне қарсы екпе салған. Ал арада бір күн өткен соң сәбидің денесі сарғая бастапты. Бірақ дәрігерлер сарғая бастаған сәбиді бес күннен соң үйіне шығарып жіберген.   

«Бала өте белсенді, ширақ болды. Үйге келген соң келінім медбикені шақырды. Дәрігер баланы еңкейтіп қарап жатқанда, Андрейдің аузынан қан кетті. Алайда медбике қорқынышты ештеңе жоқ екенін айтып, тырналғаннан болу керек деп жұбатты. Сәби 16 қаңтарға қараған түні құсып, ертесіне дәрігерге бардық. Ал, дәрігер сәбиге глюкоза мен урсосан тағайындап, екі аптадан соң келіңдер деп үйге қайтарып жіберді. Дәрігерлер баладан сынама алу керек еді. Жедел жәрдем арқылы қайтадан ауруханаға барғанмен, олар (келіні мен сәбиі – авт.) 4 сағат дәлізде дәрігерді күткен. Тек сәбидің жағдайы күрт нашарлағанда ғана система алуға жатқызды. Дәрігерлер бұлай болудың себебін дұрыс емізбегендіктен деп келінімнің өзін кінәлады», - деді қайтыс болған сәбидің әпкесі Юлия Сибирцева.

Шағымданушы тарап баланың ауруы уақытында дәл анықталмағандықтан, өлімнің алдын алу мүмкін болмады деп санайды. Сәби 19 қаңтар күні №3 перезентхананың жансақтау бөлімінде көз жұмған. Юлия Сибирцеваның айтуынша, 39 жастағы келіні балалы болуды ұзақ жыл күткен. «Балада мидың ісігі мен көкбауырдың ісініп кетуі болған» дейді Андрей Рогозиннің туыстары.

«Келініме кесар тілігі жасалды. Олар жансақтау бөлімінде жатқан немереме «В» гепатитіне қарсы екпе салған. Бала өмірге дені сау болып келген. Дүниеге енді келген балаға вирусқа қарсы бірден екпе жасаған. Біз  баланың ауруы екпеден соң болды дегенге 100% сенімдеміз», - дейді шетінеген сәбидің апасы Наталья Ушилина.

№3 қалалаық перезентхананың жансақтау бөлімінде қайтыс болған сәбидің өлімі туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан әзірге хабар болмады. Шетінеген сәбидің туыстары бұл мәселе бойынша ақ халаттылар арызданбай, істі өзара шешуді ұсынғанын айтады. Алайда, бала сүюді ұзақ жыл армандаған ата-ана сәбиден дәрігерлердің кесірінен айрылдық деп полицияға арыз берген.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы