«Киімі арматураға ілініп қалды»: Ақтөбеде суға батып кете жаздаған оқушы қыздың қалай құтқарылғаны айтылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кеше Батыс-2 шағынауданында қыз бала тасқын суға түсіп кетіп, өлім аузынан қалған еді

Ақтөбеде тасқын суға батып кете жаздаған қызды құтқарып қалған жігіттердің бірі оқиғаның қалай болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

31 наурызда Батыс-2 шағынауданында қыз бала жолды өтіп бара жатқан сәтінде тасқын суға түсіп кетіп, өлім аузынан қалды. Сол маңдағы фитнес клубта болған жігіттердің бірі оқушыны қалай құтқарғандарын айтты.

«Залда тазалау жұмыстарын жүргізіп жаттық. Терезеден жолдың құрғақ шетімен қыз баланың кетіп бара жатқанын көрдік. Сол сәтте ол арыққа құлап кетті. Санаулы секундтың ішінде ағын су оны құбырға дейін сүйреп жіберді. Судың бетінде басы ғана көрініп тұрды. Күзетші және менімен бірге тағы бір жігіт үшеуміз бірден көмекке жүгіріп бардық. Қызды шығара алмай жатқанымызды көрген жігіттер де көмекке келді. Қыздың киімі арматураға ілініп қалған екен. Оны шығарып алғаннан кейін бірден киіндіріп, көтеріп алып спорт залына алып бардық. Сол жерден жылы душқа жуынуға жібердік», -дейді.