Аталған факті бойынша тергеу амалдары басталды
Семей полицейлері ағылшын тілі курсы кабинетінен 11 келіден астам есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының басында Семей қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Семей қаласының білім беру орталықтарының бірінің ағылшын тілі кабинетінде Алматы қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстады.
Оқу бөлмесіне тінту жүргізу барысында үстел үстіндегі еденде өсімдік тектес жасыл түсті заты бар полиэтиленді түйіншек орналасқан картон қорап табылды.
Сараптама қортындысы көрсеткендей, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы салмағы 11 келіден асады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл баптың санциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.