Алматы облысында атыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиғадан бір адам қаза тауып, төрт адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді

Фото: ашық дереккөзден

16 қаңтар күні шекара маңында орналасқан Панфилов ауданына қарасты Көктал ауылында атыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жанжалдасып қалған тараптар суық қару қолданған, нәтижесінде төрт адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ оқиға болған маңнан 27 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. 

Белгілі болғандай, оқиғаға он шақты адам қатысқан, полиция олардың түр-тұлғасын анықтап, үшеуін қамауға алды. 

«Төрт адамның ауруханаға түскені белгілі. Жедел-іздестіру шаралары барысында аудандық сот қамауға алуға санкция берген тағы үшеу ұсталды. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-шы бабы, яғни «Адам өлтіру», 293-бабы, яғни «Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау», сондай-ақ 99 бапқа әкеліп соққан 24-бабы, «Кісі өлтіруге оқталу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті соттық-сараптама тағайындалды. Бұл істі тергеуді облыстық тергеу басқармасы айналысатынын және ол облыстық полиция департаменті басшысының жеке бақылауына алынғанын атап өтеміз», - деді Алматы облысы бойынша ПД баспасөз қызметі. 

Оқиғаға байланысты екі пышақ пен үш аңшы мылтығы тәркіленді. Олар іс материалдарына заттай айғақтар ретінде тіркелді. Төбелестің шығу себебі анықталып жатыр.