Ақтөбенің нан зауытына жөнелтілген 35 вагон бидай Ресей шекарасында тұр

Автор: Azattyq Rýhy

35 вагон бидай екі аптадан бері Ресейдің Орск қаласында қаңтарылып тұр

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбе нансыз қалуы мүмкін бе? Аймақтағы ірі наубайхананың бірінің Ресейден сатып алған бидайын сондағы шекарашылар өткізбей жатқанына алаңдаулы. Астық тиелген 35 вагон қазір Орск теміржол бекетінде тұрғанын айтады. Бұған Ресей үкіметінің бидайды елден шығаруға тыйым салғаны себеп болған. Тығырыққа тірекелген кәсіпкер кімнен көмек сұрарын білмей дал. Жауаптылар болса бұл мәселе жергілікті деңгейде шешімлмейтінін мойындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Әлеуметтік нан пісіруші кәсіпорын ресейлік компаниядан 2,5 мың тонна бидай сатып алған. Сауда-саттықты айдың басында, тыйым туралы қаулы шықпай тұрып жасадық дейді наубайхана директоры. Құжаттары түгел болғанымен, 35 вагон бидай екі аптадан бері Ресейдің Орск қаласында қаңтарылып тұр.

Нан пісіруден бөлек, ұн және ұн өнімдерін өндіретін кәсіпорын басшысы әзірше ішкі қорды тұтына тұрамыз дейді. Оның өзі сәуірдің ортасына дейін ғана жетеді екен. Бұған қоса, бидайдың жоспарланған көлемінің болмауы бұл айда өндіріс көлемін азайтуы мүмкін. Ресейден жеткізілетін бидай компанияның айлық сұранысының 30 пайызын жауып тұрған.  Мәселені өз бетінше шеше алмаған кәсіпкер «Атамекен» палатасынан жәрдем сұрады.

«Бұл сұрақты 25 наурызда ресейлік тараппен, Орынбор облысының бизнес-омбудсмені Виктор Коршуновпен онлайн-режимде талқыладық. Жағдайды реттеуге ықпал етуді сұрап, сол күні хат та жолдадық. Нәтижесін күтіп отырмыз», - деді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

«Атамекеннің» өңірлік кеңсе қызметкерлері жағдайға екі елдің үкіметіндегілері араласпаса, проблеманы аймақтық деңгейде шешуге қауқарсыз екенін айтады. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қорда ұн да, бидай да жеткілікті, алаңдайтын негіз жоқ дейді.

Дегенмен жергілікті нан зауытының өкілдерінің ендігі үміті Үкіметте ғана. Тым болмаса, қаулы шықпай тұрып, бидай толтырылған вагондарды өткізу жайын құзырлылар шешіп берсе, дейді.