Алматы облысында бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікті қамауға алынды
Қайғылы оқиға Көксу ауданының Ақшатоған ауылында болған
Алматы облысында бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полиция қызметкерлері үш аптаға жуық хабар-ошарсыз жоғалған жас әйелдің өлімін ашты. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен оның бұрынғы күйеуі ұсталды, қазір қамауға алынды.
Қайғылы оқиға Көксу ауданының Ақшатоған ауылында болған. Онда 7 наурызда жалғыз өзі жас бала тәрбиелеп отырған 25 жастағы әйел із-түзсіз жоғалып кеткен. Хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз аудандық полицияға 9 наурызда келіп түскенімен, оны іздеуден еш нәтиже шықпаған.
«24 наурызда оның 29 жастағы бұрынғы күйеуі жауапқа алынды. Соның нәтижесінде, ер адам қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Алдын ала болжам бойынша, ол әйелін қызғаныштан өлтірген. Жәбірленушінің денесі жерленген орын қызметтік-іздестіру иттің көмегімен ауылдың шетінен табылды», - делінген ПД хабарламасында.
Ұсталған азаматтың айғағы бойынша, ол әйелімен ажырасып, Талдықорғанда тұрған. Ол баланы көру үшін келіп тұрған. Ал 7 наурызда мас күйде болып, олардың арасында жанжал туындаған, оның аяғы әйелді өлтірумен аяқталған.
Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша жүргізілуде.