Павлодарда ішімдікке салынған ананың сәбиі балалар үйіне жіберіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, медициналық қызметкер 17 наурызда полицияға жүгініп, көмек сұраған

Павлодарда ішімдікке салынған ананың сәбиі балалар үйіне жіберіледі. Төрт айлық қыздың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жіберілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық қызметкер 17 наурызда полицияға жүгініп, көмек сұраған. 

"Шақыру бойынша ювеналды полиция қызметкерлері қорғаншылық органдарының өкілдерімен бірге шыққан болатын. Баланың денсаулығына қатысты проблемалар бар. Алайда сәби тұратын пәтердің есігін ашпай қойды", - деді Павлодар қаласы ПБ Орталық полиция бөлімінің ювеналды полиция аға инспекторы Әсия Әлкеева.

Полицейлер келген бойда баланың анасы мас болғанын анықтаған.

Сәби облыстық  балалар ауруханасына тексеруге жіберілді, бұдан кейін балалар үйіне орналастырылатын болады. Ал баланың тағдырына бей-жай қараған ана айыққанға дейін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.

Сонымен қатар,  ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселені қарау үшін кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберуге материалдар дайындалуда. Бұған дейін ол ата-ана міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған болатын. 

Еске сала кетейік, бала кардионеврологиялық бөлімшеге жатқызылған. Нәрестенің жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.

Бұрынғы №2 емхана - «Almaz Medical Group» ЖШС-де учаскеге түскен сәттен бастап қызды әлеуметтік тәуекел тобына алғанын айтты.

Баланы патронаттық мейірбике, әлеуметтік қызметкер және психолог бірлесіп, прогрессивті модель бойынша бақылаған. Медициналық мекемеге қызды ай сайынғы тексерулерге әкелмеген.