Павлодарда есірткі таратты деген күдікпен қоғамдық тамақтандыру қызметкері ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда есірткі таратты деген күдікпен қоғамдық тамақтандыру қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің  мәліметінше, арнайы іс-шаралар өткізу кезінде есірткі заттарын сатты деген күдікпен 36 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған. 

Қоғамдық тамақтану жүйесінде жұмыс істейтін ер адамның байлыққа қол жеткізу мақсатында заңсыз интернет-дүкенге курьер болып орналасқаны анықталды. Сол жерде ол есірткіні тарату туралы егжей-тегжейлі нұсқаулар алып, тиісті дайындықтан өткен. 

"Күдікті Павлодар және Екібастұз қалаларының аумағында еркін айналымға тыйым салынған заттарды таратқан заңсыз интернет-дүкеннің курьері болып жұмыс істеді. Ірі партияда тыйым салынған заттарды мекенжайлардан алып кетіп, таратумен айналысқан. Күдікті психотроптық заттардың кезекті партиясын алған кезде ұсталды. Жедел қызметкерлер оған тиесілі автокөлікті тексеру кезінде жолаушылар орындығының астында жасырылған 423,9 грамнан астам психотроптық заттарды тауып алды", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі – «есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.