Лауазымды тұлғалардың атын жамылып алаяқтықпен айналысқандар ұсталды - ҰҚК

Автор: Azattyq Rýhy

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Лауазымды тұлғалардың атын жамылып алаяқтықпен айналысқандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласының полициясы, ҰҚК-ның Ақтөбе және Қарағанды облыстары бойынша департаменттерімен бірлесіп, аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа күдікті адамдар тобын ұстады.

Өздерін мемлекеттік органдардың қызметкерлері деп таныстырып, жоғары лауазымды адамдар атын жамылған теріс пиғылдылар кәсіпкерге 1,5 млн. АҚШ доллары сомасы үшін оны мемлекеттік құрылымдардың біріне басшылық лауазымға тағайындау мәселесін шешіп беруді ұсынған.

Олар жалға алынған «премиум-класс» автомашиналарын пайдаланған және жалданған күзеттің ілесіп жүруімен астананың элиталық орындарында кездесулер өткізген.

2022 жылғы 4 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында 30 млн. теңге мөлшерінде ақшалай қаражаттың бір бөлігін беру кезінде топтың үш қатысушысы және Ақтөбе мен Балқаш қалаларында тағы екеуі ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.