Күдіктілердің жасы 19, 21, 22-де
ШҚО полицейлері бопсалаушылар тобын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО облыс орталығында Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері осыған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, алайда өздері үшін тиісті қорытынды жасамай, тағы да қылмысқа барған бопсалаушылар тобын ұстады. Олардың жасы 19, 21, 22-де екен.
Өткен жылдың қараша айында жоғарыда аталған екі жігіт зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытып, жеңіл пайда табуды шешіп, таныстарының атына қаладағы сауда үйлерінің бірінде қымбат смартфонды несиеге ресімдеткен. Осылайша 500 мың теңгеден астам сомаға залал келтірді.
Өздерінің сол істегендері үшін жазасыз қалғандарын сезген олар, 2022 жылдың қарсаңында қатарларына үшінші достарын қосып алып, тағы да осыған ұқсас қылмысқа барған. Осы жолы кездейсоқ өтіп бара жатқан адам сыбайластардың құрбанына айналған. Онлайн несие алдыртқан үштік 310 мың теңгені қалталарына басқан. Ашкөз бопсалаушылар жәбірленушіні қорқытып, тауар кредитін ресімдеуді талап етекен. Өз өмірі үшін қауіптенген жәбірленуші өзінің атына құны 150 мың теңге тұратын ұялы телефон рәсімдеген.
Одан әрі осы жылдың қаңтар айының соңында күдіктілер Өскемен қаласында тұратын бұрынғы таныстарына “жүгініп”, одан 30 мың теңге көлемінде ақша қаражатын алған. Мұнымен қоймай, жәбірленуші өз атына несиеге телефон ресімдеп, қолдарына ұстатқан. Осылайша, жәбірленушіге 200 мың теңгеден астам сомаға залал келтірілді.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған күдіктілер ұсталды.
Қорқытып алушылықтың барлық фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша қылмыстық істер қозғалды, оның санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.