Мегаполисте 10 наурыз күні ауыр жағдайда жаңа туған нәресте табылған болатын
Шымкентте 10 наурыз күні көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан табылған нәрестенің анасы табылды, деп хабарлады "Otyrar.kz".
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі тастанды сәбидің анасының табылғандығы туралы ақпарат таратты.
«10.03.2022 жылы Т.Рысқұлов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің ауласында жаңа туған нәрестенің табылғаны бойынша Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен ҚР ҚК 119-бабының 1-бөлігімен (Қауiптi жағдайда қалдыру) қылмыстық іс тіркелді. Аталған жайт бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 1995 жылы туылған азаматша анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, Шымкентте көшеден тастанды нәресте табылғаны туралы жазған болатынбыз. Өте ауыр жағдайда табылған тастанды нәрестеге жедел жәрдем диспетчерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалған болатын.