Петропавлда өртенген үй орнынан 5 адамның мәйіті табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл СҚО аумағында 115 өрт болып, 12 адам қаза тапты, 4 адам зардап шекті

Фото: ҚР ТЖМ

Петропавлда Береке шағын ауданындағы өрт орнынан 5 адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға 13 наурызда болған.

«Түнгі сағат 01:07-де «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ 101 телефонына Мәскеу өткеліндегі 4 пәтерлі кірпіш тұрғын үйде (Береке шағынауданы) өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер сағат 01:13-те келген сәтте үйдегі № 3 пәтер жанып жатқаны анықталды. Үйдің шатыры өртке оранған,  қою түтін басқан. Өрттің шығуы туралы хабарлама құзырлы органға кеш берілген», - делінген ТЖД хабарламасында.

Өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге кіріскен.

«Өртті сөндіру барысында 1975, 1979, 1960 жылдары туған үш ер адамның және 1960, 1967 жылдары туған 2 әйел адамның денелері табылды. Қайтыс болған адамдардың мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Үй орталық жылыту жүйесіне қосылған. Өрт сағат 01.53-те ауыздықталып, сағат 02.24-те сөндірілді», - делінген хабарламада.

Өрт сөндіру кезінде Петропавл қаласы 4 өрт сөндіру бөлімінің (№1, 2, 3 және 5) 30 өрт сөндірушісі мен 6 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрт аумағы 60 шаршы метрді құрады.

Өрттің шығуына алкогольдік ішімдік ішіп, төсекте темекі тарту себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Қазіргі уақытта келтірілген шығын мөлшері анықталуда.

Айта кетерлігі, 2022 жылғы 1 ақпанда № 5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аула аралау жұмыстары барысында өртте қайтыс болған ер адамдардың  бірі, 1960 жылы туған ер адамға өрт қауіпсіздік ережелері жазылған жадынама табыс еткен. Қаза тапқандар халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатпайды, спирттік ішімдік ішетін адамдар ретінде есепке алынбаған.

«Куәгерлердің айтуынша, өрт шығар алдында қайтыс болғандар спирттік ішімдік ішкен. Биыл СҚО аумағында 115 өрт болды, онда 12 адам қаза тапты, 4 адам зардап шекті, келтірілген материалдық шығын шамамен 72 млн теңгені құрады», - делінген ТЖД хабарламасында.

ТЖМ  азаматтарға өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді.