ҰҚК арнайы операциясы: үш қаладан 17 адам ұсталды (видео)

Автор: Azattyq Rýhy

Ұйымдасқан қылмыстық топ Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларында әрекет еткен

Фото: ҚР ҰҚК

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің үш қаласында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«ҚР ҰҚК Экономикалық қауіпсіздік қызметі мемлекетке айтарлықтай экономикалық шығын келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларында кең көлемді арнайы операция жүргізіліп, 17 адам қолға түсті, 55 тінту жұмыстары жүргізілді», – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитетінен.   

ҰҚК ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен электрондық цифрлық қолтаңбалар (ЭЦҚ), ноутбуктер, кассалық аппараттар, жалған құжаттар мен мөрлер, компания есепшоттарын басқаруға арналған цифрлық кілттер, сонымен қатар, шетелдік және ұлттық валютадағы аса ірі сомадағы ақша тәркіледі. 

Комитет хабарлағандай, ұйымдасқан қылмыстық топ 300 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иеленген. 

«Салықтан жалтару тәсіліне негізделген қылмыстық әрекетті ашу нәтижесінде, ай сайын 3 млрд теңгеден астам ақша мемлекет бюджетіне түсе бастады», –  деп атап өтті ҚР ҰҚК.