Екібастұздық төрт баланың ата-анасына қатысты сот шешімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот қиын жағдайда өмір сүрген төрт баланың оқиғасы бойынша екі істі қарады

Фото: ашық дереккөзден

Екібастұздық төрт баланың ата-анасына қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған 4 баланың анасы өзінің кішкентай балаларына тиісті күтім мен қамқорлық жасамаған - пәтердің іші лас, тамақ  болмаған. Сондай-ақ  кәмелетке толмаған балалар шұғыл түрде медициналық тексеру мен емдеуді қажет етсе де, қаланың бірде-бір емханасында есепке алынбаған. 

"Сотта азамат А. 2014 жылы туған бір баланың әкесі екені  жазылғандығы және оны тәрбиелеу және оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау, күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағандығы анықталды. 7 жастағы үлкен бала Екібастұз қаласының бірде-бір мектебіне бекітілмеген. Азаматша З. мен азамат А. кінәсі мойындау айғақтарымен, полиция органдарының хабарламасымен, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру актісімен, сондай-ақ полиция органдары тарапынан деректермен және сот жеткілікті және рұқсат етілген деп таныған басқа да құжаттармен дәлелденген", - делінген баспасөз хабарламасында. 

Сот отырысында екеуі де аталған құқық бұзушылық үшін кінәні толық мойындады, жасаған ісіне өкінді және түзелуге уәде берді.

ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігінің санкциясы баламасыз әкімшілік жаза шарасын - 10 АЕК мөлшерінде айыппұлды көздейді.

Нәтижесінде сот әкімшілік айыппұл түріндегі жазаны тағайындады. Олардың материалдық жағдайы мен алимент төлеуге міндетті екенін ескере отырып, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігі негізінде айыппұл көлемі 30% - ға қысқартылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Бұдан басқа, сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру кезінде ювеналды полиция тобы инспекторының тарапынан анықталған бұзушылықтар үшін  Павлодар облысының полиция департаменті басшылығының атына жеке қаулы шығарды.

Қазіргі уақытта барлық балалар Павлодар қаласының медициналық мекемесінде. Отбасы бақылауға және есепке алынды.

Полиция мәліметтеріне сәйкес, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия балалардың анасының мінез-құлқын қараған. 

Еске сала кетейік,  бүлдіршіндер ойнап, сөйлеп, сұрақтарға жауап бере бастады.

Олар тазаланбаған үйде денсаулықтары нашар күйде өмір сүріп жатқан және соңғы үш күнде тамақтанбағаны белгілі болды. Отбасы 2019 жылы Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінен Екібастұз қаласына көшкен.

Кейін Павлодар облысының әкімі оқиғаға қатысты Екібастұзда кеңес өткізді. Сондай-ақ Екібастұз бен Ақсу қаласының әкімдері сөгіс алды.

Болған оқиғаға қатысты ішкі тергеудің қорытындысы бойынша бірқатар шенеуніктер мен жауапты адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, екеуі енді өз лауазымдарын атқармайды. Жұмыс тобы сондай-ақ осындай жағдайларды болдырмау үшін ұсыныстар жасады.

Балалардың денсаулығын жақсарту және мүгедектікті ресімдеу мақсатында алар Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жіберілген.