Күдікті 1972 жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнайы күзет қызметі басқармасының мамандары жер үйдің терезесі, құрылысы жүріп жатқан су подстанциясы мен бірнеше автокөліктің шынысын сындырып кеткен басбұзарды ұстады. Тәртіп сақшылары күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді. Қазір шығын көлемі есептелуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
16 қаңтар түнгі сағат 2:30-да полицияның кезекшілік қызметіне телефон қоңырауы түскен. Борис Петров көшесінің тұрғыны белгісіз біреу өзінің автокөлігінің терезесін қиратып кеткендігіне шағымданған. Жақын маңда түнгі қызметте жүрген инспектор Ерсін Рамазанов пен жүргізуші Қайрат Уәлиев шақырту бойынша жедел жеткен. Оқиға орнына жеткенде, олар полиция көлігін көзі шалып, қашып кетпек болған адамды байқаған. Санаулы минуттар ішінде күдікті қолға түсті. Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы жақын маңда тағы екі көліктің, жер үй мен құрылысы жүріп жатқан «Қызылжар су» мекемесінің подстанциясының терезесі сынғанын анықтаған.
«Аталған факті Қылмыстық кодекс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Медициналық куәланлдыруға сәйкес, күдікті мас болған. Бұған дейін бірнеше рет сотталған. Күдікті 1972 жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны. Оның келтірген шығыны есептелуде», - дейді Петропавл қалалық полиция департаментінің бөлім бастығы Ерболат Қаптаев.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда осындай 85 бұзақылық фактісі тіркеліп, 74-і ашылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО