Алматы облысында әкім орынбасары заңсыз аң аулағаны үшін ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

 

Фото: Facebook

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев заңсыз аң аулағаны үшін ұсталды, деп жазды қоғам белсендісі Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook-парақшасында.

Экология министрлігінің мәліметінше, 27 ақпанда жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында «Охотзоопром» МКҚК инспекторлары Сүмбе шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, Райымбек ауданының Шалкөде ауылында Skoda және Honda автокөліктерін тоқтатқан.

Skoda автокөлігін тексеру кезінде инспекторлар жабайы жануардың тушасын (марал болуы мүмкін), сонымен қатар патрондары бар «Вепр» және «Иж-27» аңшы мылтықтарын тапты.

«Күдіктілердің бірі Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев болып шықты. Ол өзінің автокөлігімен жүрген. Алайда ол өзін инспекторларға «Самат Хасеновпын» деп таныстырған», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, ол аудан әкімінің орынбасары ғана емес, әдеп жөніндегі уәкіл болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.