Алматы іргесінде ұрланған қару сақталған орын табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан 29, 28, 26 жастағы үш ер адам ұсталды

Алматы маңында ұрланған қару сақталған орын табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қару-жарақ Алматы облысы Қарасай ауданы аумағынан табылды. 5 қаңтарға қараған түні «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан 29, 28, 26 жастағы үш ер адам ұсталды.

«Күдіктілер үй жанындағы бос жатқан жерге үш кесілген мылтық, үш тегіс ұңғылы мылтық, винтовка, патрондар, аңшылық жинағы бар шабадан мен рюкзактарды көмген. Бұл арсеналдың барлығы ұсталғандардың бірінің үйінің ауласындағы құмға көмілген.  Күдіктілер кінәсін мойындап, қылмысты қалай жасағанын айтып берді. Тергеушілер «топтың» осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлімі бойынша тергелуде. Күдіктілер қамауға алынды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.