Петропавлда қоғамдық көлікті мас күйінде тізгіндеген жүргізуші ұсталды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Биыл қаңтарда облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапты

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан аумағында 10 күндік «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Оның алғашқы екі тәулігінде Петропавлда қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзуының 128 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы екі күннің ішінде облыс жолдарында Жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды. Оның 35-і рөлде телефонмен сөйлесу, 19-ы маневр жасау ережелерін бұзу, 9-ы техникалық  тексерістен өтпеген автоны пайдалану. Сондай-ақ, екі күннің қорытындысы бойынша бір жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталған.

Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалау және жолаушылар көлігінің техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізу мақсатында облыс орталығында және аудан аумақтарында арнайы рейдтер мен тексерістер жүргізілуде. Басты назарда тек қалалық және қалааралық бағытта жүретін автобустар ғана емес, такси қызметтерінің автокөліктері де бар. 

 «Жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – ереже бұзушылық саны емес, автобус, такси, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігін және жағдайын қамтамасыз ету бойынша сапалы ұйымдастырушылық жұмыс жүргізу болып табылады. Патрульдік және әкімшілік полиция, учаскелік полиция инспекторлары – іс-шараға барлық жетекші қызметтер тартылған. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – жүргізушілердің және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апат болу қаупін төмендету», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.   

Биыл қаңтар айында облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 6 адам қаза тауып, 20 жолаушы жарақат алған. Жыл басынан облыс аумағында жолаушылар көлігінің қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. «Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 2 наурызға дейін жалғасады.