$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бес бала жетім қалды»: СҚО-да ана өлімін жасырмақ болған дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда 3 бірдей жас ана көз жұмды

«Бес бала жетім қалды»: СҚО-да ана өлімін жасырмақ болған дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Солтүстік Қазақстанда ана өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Тайынша ауданының 35 жастағы тұрғыны Әйгерім Қазезова былтыр 5-ші баласын дүниеге әкеліп, біренеше аптадан кейін облыстық көпбейінді ауруханада коронавирустан көз жұмған. Алайда дәрігерлер оның өлімін тіркемей, құжат бойынша мәйітті тірі адам ретінде Тайынша аудандық ауруханасына жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

БЕС БАЛА ЖЕТІМ ҚАЛДЫ

Әйгерім Қазезова Тайынша ауданына қарасты Большой Изюм ауылында тұрып келген. 5-ші сәбиін күтіп жүрген әйел, жүктіліктің 36 аптасында түсік қаупі туындап Тайынша аудандық ауруханасына жатқызылыпты. Емделіп үйіне оралғаннан кейін келесі күні жөтел пайда болады. Сол кезде марқұмның жамауына жыртық қосып алғаны үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек.

«Тайынша аудандық ауруханасында науқасқа бронхит диагнозы қойылған. Жағдайы дұрысталмағандықтан ол облыстық көпбейінді ауруханаға жіберілген. Мұндағылар компьютерлік томография жасап, Айгерім Қазезованың өкпесінің 70 пайызға қабынғанын анықтаған. Жүктілік кезінде өкпе қысылады. Сондықтан оған тиімді ем жүргізу мүмкін емес. Консилиум шақырған дәрігерлер оны кесір тілігі арқылы босандырып алуды ұйғарады. Өйткені жүктілік кезеңі 40 аптаға жақын болғандықтан операция баланың өміріне ешқандай төндірмейді. Дүниеге дені сау қыз бала келді. Бірақ Әйгерімнің жағдайы нашарлай берген. Екінші компюьтерлік томография оның өкпесінің 90 пайызға қабынғанын көрсеткен. Осылайша науқас коронавирус пневмониясынан көз жұмған», - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Нұрлан Айманов. 

АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ

Алайда дәрігерлер оның өлімін тіркемей, құжат бойынша мәйітті тірі адам ретінде Тайынша аудандық ауруханасына жіберген. Қағаз жүзінде ол бір ай емделіп, дәрі-дәрмегіне қыруар қаржы жұмсалған. Дәгірерлер мәйітті ешқандай құжатсыз марқұмның туған-туыстарына берген. Адамның дүниеден өткендігі туралы анықтама бір айдан кейін ғана жасалған. Осылайша дәрігерлер ана өлімін жасырып қалмақ болған. Дүниеге аман-есен келген сәбиді әкесі жалғыз өсіріп жатыр. 

«Біз бұл жағдайды 26 қаңтар күні әлеуметтік желіден білдік. Оны басқармаға Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері хабарлауы тиіс еді. Қазезованың дүние салуы жас ана өлімі ретінде тіркелсе, министрлік тарапынан талай тексеріс болатыны сөзсіз. Ал ана босанғаннан кейін 42 аптадан кейін көз жұмса бұл факті ерте ана өліміне саналмайды. Бұндай жағдай дәрігерлердің жалақысына да әсер етеді. Сондықтан қайтыс болу туралы анықтама қағазы бір айға кеш датамен жасалған. Аурухана жетекшісі осылайша жауапкершіліктен сытылмақ болған. Тайынша аудандық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский қызметінен босатылды. Көпбейінді облыстық ауруханаға келетін болсақ, Қазезованың өлімін жасырған емдеуші дәрігерлерді жазалау мәселесін мемеке басшылығы қабылдайды. Ал аурухана әкімшілігінің тағдырын СҚО Денсаулық сақтау басқармасы облыс әкімдігімен бірлесе шешеді. Ол келесі аптада қабылданады. Кейін баршаңызға оны жариялаймыз», - дейді Нұрлан Айманов.

Айгерімнің күйеуі Сағадат Қазезов бұл тым жеңіл жаза деп есептейді. Ол өз аяғымен кеткен әйелінің үйіне қайтып оралмағанына әлі күнге күйінеді. Дәрігерлер жан жарының жағдайы туралы оған ештеңе айтпаған. Өзегін өкініш өртегенімен, қолдан келер шара жоқ.

«Осы жағдайға қатысты дәрігерлерді соттау керек. Барлығы заң алдында жауап беруі тиіс. Менің қазір құзырлы органдарға баратын жағдайым жоқ. Жұмыс та істеп жүрген жоқпын. Кішкентай сәбиімді бағуым керек. Бес балам бар. Анам қолғабыс етіп жатыр. Өзі зейнеткер. Тергеуші келген жоқ. Өзімді шақыртты. Тайынша қаласына барып, білгенімді айттым. Әйгерім емдеу мекемесіне өз аяғымен кетіп, үйге оралмады. Облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлерін айыптаймын. Оған бір апта бойы тамақ апардым. Соның барлығын бермепті. Кейін өзіме қайтарып берді. Маған дәрігерлер ештеңе айтпады», - дейді марқұмның күйеуі Сағадат Қазезов. 

Бұл фактіге облыстық және Тайынша аудандық ауруханаларының бас дәрігерлерінен бөлек тағы бірнеше медицина қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін. Істің ақ-қарасын мамандар анықтамақ. Солтүстік Қазақстан Полиция департаменті аталған дерекке қатасты ҚР Қылмыстық Кодексінің 317-бабы, «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» фактісі бойынша іс қозғады. Әзірге тергеу жүріп жатыр.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда 3 бірдей жас ана көз жұмды. Өңір Атырау және Қостанай облыстарын алға салып, ана өлімі бойынша жағымсыз статистиканың 3-ші сатысында тұр.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары