Марқұмның артында жеті баласы қалды
Атырау облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты көпбалалы ананы айуандықпен өлтірген қылмыскерге үкім оқыды деп хабарлайды «Ақ Жайық» басылымы.
Оқиға өткен жылы болған. Наурыз айында 35 жастағы батыр ана Құлсары қаласының 25 жастағы тұрғынымен келісіп, оның атына несие рәсімдеген. Ай сайынғы төлемін уақытылы төлеп тұруға уәде берген. Алайда, типографияда еден жуып күнелткен әйел бұл уәдесінде тұра алмай, қарыздың уақытын созып алыпты.
Екеуара болған жанжал барысында 7 баланың анасы жағдайын түсіндіріп, берешегін міндетті түрде қайтаратынын айтқан. Алайда, бұған көнбеген жігіт арада біраз уақыт өткен соң әйелді пышақтап өлтірді.
Марқұмның артында жеті баласы қалды. Олардың үлкені колледж студенті болса, кішісі бес жаста.
Сот қылмыскерді 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оның полицияға өз аяғымен келіп қылмысын мойындауы, тергеуге көмектескені және отбасылық жағдайы ескерілген.