Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысында әйелімен жанжалдасқан күйеуі өз үйін өртеп жіберді. Талғар қаласында болған жағдайдан отбасы аязда баспанасыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өртке оранған ғимараттан әйел мен екі кішкентай бала әрең қашып құтылған. Оларды құтқаруға көршілері көмектескен. Тексеру барысында 44 жастағы еркек Талғар ауданындағы 5 бөлмелі үйін қасақана өртеген болып шықты.
«Анықталғандай, жанғыш зат қолданылып, үй ішінен өртенген. Тұрғын үй құрылысын өртеп жіберді деген күдікпен 44 жастағы отағасы ұсталды, ол өрт қойғанын мойындап, бұл әрекетке әйелімен жанжалдасу салдарынан шешім қабылдағанын түсіндірді. Мұндай істер бойынша міндетті сараптамалар белгіленді. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданады», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Қасақана өрт қою фактісі бойынша ҚР ҚК 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.