Павлодар облысында өрт болған үйден ер адамның мәйіті табылды
Тілсіз жаудың шығу себебі мен келтірілген залал көлемі анықталып жатыр
Павлодар облысында өрт болған үйден ер адамның денесі табылды. Өрт болған жерге ТЖД жеке құрамынан үш адам мен бір техника, «102» қызметі жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Шарбақты ауданының № 7 өрт сөндіру бөліміне түнгі сағат 02:37-де өрт туралы хабарлама түскен.
"Сосновка ауылдық округінің Красиловка ауылында Мир көшесі, 27 мекенжайы бойынша орналасқан қамыс үйді өрт шалды. Оқиға орнына дереу үш адамнан тұратын бір техника шықты. Аудан орталығынан оқиға орнына дейінгі қашықтық 54 км құрайды", - дейді департаментте.
Өрт орнына келген қызметкерлер жалпы ауданы 84 шаршы метр болатын төрт бөлмелі қамыс жеке үй құлап, толық жанып кеткенін анықтады. Өрт сөндіру барысында 1964 жылы туған ер адамның жанған денесі табылды.
Өрт сағат 05:36-да сөндірілді. Тілсіз жаудың шығу себебі мен келтірілген залал көлемі анықталуда.