$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.02.2022, 03:26
Оқиғалар

Қызылжарда 40 жастағы әйел ер адамды өлтіріп, кәріз құдығына тастаған

Күдікті Петропавл қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторында қамауға алынды

 

Қызылжарда 40 жастағы әйел ер адамды пышақтап, кәріз құдығына лақтырып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Мәйітті қаңғыбастар тауып алыпты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, аймақта тұрақты мекенжайы жоқ адамдар көбейіп барады.

Жұртты дүр сілкіндірген қайғылы жағдай  Брусиловский көшесінде болған. 30 жастағы жігіт пен 40 жастағы әйел кәріз құдығының ішіне кіріп, ішімдік ішкен, артынша жанжалдасып қалған көрінеді. Ашу-ызаға булыққан әйел ер адамға бірнеше рет пышақ сұққан.

«Жүргізілген тергеу амалдары арқылы қылмысқа тұрғылықты мекенжайы жоқ 40 жастағы әйелдің қатысы бар екені анықталып отыр. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі, яғни адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерілудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті Петропавл қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторында қамауға алынды», - дейді , СҚО ПД бөлім басшысы Сән Жұмағазина.

Полицейлердің айтуынша, қаладағы барлық кәріз құдығының қақпағы жабық. Бірақ қаңғыбастар көп ұзамай-ақ оны ашып, қопарып тастайды дейді. Тәртіп сақшылары рейд   барысында 30-ға жуық адамды ұстап, уақытша паналау мекемесіне орналастырған. Орталық 50 орынға лайықталғанымен, тұрақты мекенжайы жоқ адамдар бұл жерде тұрақтамайтын көрінеді.

«Біз тұрғындардың өтініші бойынша бомждарды аула арасынан ұстап, орталыққа апарамыз. Бірақ олар тамақ ішіп алып,  тайып тұрады. Мұнда қалғысы келмейді. Еркін өмір сүруді қалайды. Кейін оларды қайтып жылу магистральдерінің арасынан іздейміз», - деді Петропавл қаласы полиция басқармасы қабылдау-тарату орталығының басшысы Адай Смайыл.

Еркін өмір сүруді қалайтындардың  бірі – Александр Скворцов. 29 жастағы жігіттің екі баласы бар. Алайда, тұрақты жұмыс таба алмағандықтан далада қалған. Әйелі сәбилерін алып, төркініне кетіпті.

«Күзетші болып жұмысқа орналасып едім. Кеше олар сотталғанымды біліп, жұмыстан шығарып жіберді. Қайын атам үйден қуып жіберді. Әке-шешем Ресейде. Енді міне, көшеде сандалып жүрмін», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Александр Скворцов.

Қызылжарда  қазір тұрақты мекенжайы жоқ 200-ден астам адам есепте тұр. Тәртіп сақшыларының айтуынша,  олардың саны жыл сайын шамамен 20 пайызға көбейеді. Қаңғыбастар тек қаһарлы қыста  азаяды дейді.   

 
Серіктес жаңалықтары