Көлік жүргізушілері зардап шеккен жоқ
Павлодардағы жолда Өзбекстанның киім-кешек артқан жүк көлігі өртеніп кетті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, оқиға Нұр-Сұлтан – Павлодар тас жолында орын алған.
«12 ақпан күні сағат 01:38-де өрт туралы хабарлама келіп түсті. Renault Premium жүк көлігі киім-кешек артқан тіркемесімен бірге толығымен жанып кетті. Жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыды. Зардап шеккендер жоқ», - деді департаментте.
Жүк көлігі Өзбекстаннан Ресей Федерациясына бағыт алып бара жатқан. Көліктің екі жүргізушісі Қалқаман кентіндегі жылыту пунктіне жеткізілді.
«Өрт сағат 05:00-де жойылды. Апаттың алдын ала себебі, электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Келтірілген шығын анықталуда», - деді департаментте.
Оқиға орнына ТЖД жеке құрамының 16 адамы мен 3 техникасы, «102» қызметі, Қалқаман кентіндегі жол медициналық-құтқару пункті жұмылдырылды.