28 жастағы қызға полицейлер көмектесіп, аман алып қалды
Шымкентте жігітімен ұрысып қалған қыз 5 қабаттан секірмек болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
8 ақпанда сағат 16:00 шамасында Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесінің қиылысындағы құрылысы бітпеген ғимараттың 5 қабатынан белгісіз азаматша секіруге әрекеттенген.
Аталған жайт Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түскен. Бұл сәтті орталықтың қызметкерлері сол мезет анықтап, шұғыл кезекші бөлім арқылы тиісті әкімшілік аумаққа бекітілген Әл-Фараби АПБ № 21 учаскелік полиция пунктінің инспекторларына нұсқама берген.
Хабарды алған тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетіп, құрылысы бітпеген ғимараттың бесінші қабатында отырған азаматшаны көреді. Полицейлер адам өмірін сақтап қалу мақсатында оны сөзге тарта отырып, қауіпсіз жерге шығарады. Азаматшаға тәжірбиелі дәрігерлер мен психолог мамандары профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тергеу барысында белгілі болғандай, 28 жастағы тұрғын жігітімен ұрысып қалғандықтан өмірімен қош айтыспақ болған.