Бразилияда аптап ыстықтан көлдер тартылып, балық қырылып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Құрғақшылықтан егістік те қурап, ауыл шаруашалығы шығынға батқан

Фото: ашық дереккөзден

Бразилия халқы да ондаған жыл бойы болмаған қуаңшылықты бастан кешіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Әсіресе, құрғақ ауа райынан елдің оңтүстігіндегі «балықты мүйіс» аймағы айтарлықтай зардап шекті. Жауынсыз аптап ыстықтан Риу-Гранди-ду-Сул аймағында су айдындары тартылып, балық қырылып жатыр. Құрғақшылықтан егістік те қурап, ауыл шаруашалығы шығынға батқан. Фермерлер қолайсыз ауа райынан азық-түлік бағасы қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді. 

"Құрғақшылық бүкіл экожүйеге қатты ықпал етіп жатыр. Одан келген шығын орасан зор. Мына жерде қырылып жатқан балықтың мөлшері 20 мың тоннадай болатын шығар. Ас шаяндары да өте көп. Жалпы қанша балықтың қырылғанын анықтау мүмкін емес", – дейді балықшы Даниэль де Матош Роса.