Қызылорда облысында 4 жасар қыздың асқазанынан бір келі шаш шықты
Бүлдіршіннің тәбеті болмай, ауруханаға ауыр жағдайда түскен
Қызылорда облысында дәрігерлер 4 жасар қыздың асқазанынан салмағы бір келі шаш алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургтары асқазан трихобезоары диагнозымен 4 жасар қызға ота жасаған болатын.
Дәрігерлер баланың асқазанынан салмағы 1 келі шашты алып тастады. Шаштың ұзындығы 34 сантиметр болады. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Төлегенов бұған дейін сәбидің тәбеті болмай, ауруханаға ауыр жағдайда түскенін айтты.
«Тексеру және диагноз қою кезінде науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Сәбиге асқазан трихобезоары диагнозы қойылды. Дереу ота жасау туралы шешім қабылданды», - деді ол.
Операцияны хирург Әлімжан Төлегенов, анестезиолог Көркем Баекей, ассистент Самат Шуақбаев, медбике Ақмарал Бекташова жасап шықты.