Оқиғаның нақты себебін анықтау мақсатында сараптама жұмыстары тағайындалды
Павлодарда тепловоз астында жатқан адам мәйіті табылды. Қазір марқұмның теміржол рельсіне қалай тап болғандығы анықталуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алдын-ала мәлімет бойынша марқұм теміржолда жұмыс істемеген. Әзірге ер адамның депо аумағына қалай өткені, жүк көлігінің астына қалай түскені белгісіз.
«Таңғы сағат 08:12-де жедел жәрдем қызметіне ер адамның тепловоз астына түсіп қалғаны жайында ақпарат түскен. 7 минут ішінде дәрігерлер бригадасы оқиға орнына жеткен. Оны қараған мамандар ер адамның дүние салғанын жеткізді», - дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.
Депо қаланың шетіндегі Екінші Павлодар ауданында орналасқан. Тепловоз астындағы мәйітті қалалық құтқару қызметінің мамандары алып шыққан. Адам өліміне себеп болған оқиға жан-жақты тергелмек. Куәгерлердің сөзіне қарағанда адамды тепловоз баспаған.
«Адам өлімінің нақты себебін анықтау мақсатында сараптама жұмыстары тағайындалды. Қайтыс болған жігіт еуропалық нәсіл өкілі. Жасы 40 шамасында болуы мүмкін. Әзірге аты-жөні, тағы басқа мәліметтер анықталуда», - дейді Мақпал Қаржаубай.
Жамбыл облысында да осы сынды қайғылы жағдай тіркелді. Екі теміржолшыны пойыз басып кеткен. ҚР Ішкі істер министрлігінің Көлік департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша аталған фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Оқыс оқиға 13 қаңтар күні Жамбыл облысының Бел станциясында тіркелген. Нақтырақ айтсақ, Алматы – Ақтөбе бағытында қатынайтын жолаушылар пойызының локомотиві екі адамды басып кеткен. Екеуі де оқиға орнында қайтыс болды. Марқұмдардың теміржол саласында қызмет ететін ұйымның 33 және 44 жастағы екі жұмысшысы екені анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО