Семейде бір үйдің ауласын ғана су басып, онда тұратын сегіз адам эвакуацияланған
Ертіс өзеніндегі мұзқатқының салдарынан су деңгейі көтеріліп, Полковничий ауылының 8 тұрғыны эвакуацияланды, оның үшеуі балалар.
Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті басшысының орынбасары Барат Дұзақбаевтың айтуынша, қазір Семейдегі қауіп сейілген. Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің суы да мұздақтардың ағынына байланысты арнасынан асуға жақындаған.
Оның айтуынша, Сырдария гидрологиялық бекекетінің Қараұзақ тармағында судың деңгейі 695 см болып тіркелді. Кеше, кешкі сағат 18.00-де судың деңгейі 2 см-ге төмендеген. Негізі, су деңгейінің артуындағы қауіпті меже 665 см екенін атап өтті.
«Қызылордада Жосалы елді мекені суға 300 метр жақын орналасқан. Ал, Семейдегі Полковничий ауылы – кәдімгі арал. Халық су деңгейінің артқаны туралы құлағдар болды және эвакуацияға дайын еді. Семейде жеті эвакуациялау пункті, соның ішінде, бір қонақ үй дайындалды. Егер су арнасынан асса, халықты эвакуациялауға дайын едік. Абзал болғанда жағдай оған жеткен жоқ. Семейде бір үйдің ауласын ғана су басты, онда тұратын сегіз адам, соның ішінде, үш бала эвакуацияланды. Қазір Ертіс өзенінің деңгейі төмендеді», - деген Барат Дұзақбаев Семей қаласының өзін су басу қауіпі жоқ деп атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай жағдай Сырдария өзенінің бойында жыл сайын тіркеледі. Су басу қаупі бар 56 пункт бұрыннан бар.
«Қызылорда облысында ауа температурасы 10 градусқа дейін жылынды. Су деңгейі бірталай артты. Қазір су деңгейі азайып келеді. Гидрабекеттерде үнемі мониторинг жасалып отыр. Апатты жағдай тіркелсе, төтенше жағдайлар департаменттерінің барлығы, жергілікті атқарушы органдар апатты-құтқару жұмыстарына сақадай сай», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан