Ақтөбе облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Өзбекстан азаматы тергеу изоляторына қамалды

Ақтөбе облысында жол апатынан бес адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың үшеуі - бір үйдің адамы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Облыстық полициясы департаментінің хабарлауынша, жол-көлік апаты Хромтау ауданының Өлке ауылы маңында болған. Өзбекстан азаматы жүргізген Мерседес ACTROS жүк көлігі жолдан тайып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Тойота Камримен соғысқан. Соның салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Жеңіл автомашинаның сау-тамтығы қалмаған.

Бұл дерек бойынша абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Өзбекстан азаматы тергеу изоляторына қамалды.

«Осыған байланысты, жүргізушілер, қысқы мезгілде жолға шығар алдында жолдың жағдайын ескеріп, тайғақ немесе көріну мүмкіндігі азайған кезде жолда өте сақ болуға шақырамыз», - деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.