Тараз тұрғыны тәртіпсіздік кезінде ұрланған қару-жарақты гаражына жасырған

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Тараз тұрғыны тәртіпсіздік кезінде ұрланған қару-жарақтарды гаражында сақтаған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел іс-шараларды өткізу барысында Тараз қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері гараж кооперативтерінің бірінен ұрланған қару-жарақтарды сақтаған 24 жастағы қала тұрғынын ұстады.

Ол қаруларды жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрлап, гараждың шұңқырына жасырғанын және кейіннен оны сатуға дайындағанын мойындады.

Күдіктіден барлығы 10 бірлік «Макаров» тапаншасы, төрт бірлік «Калашников» автоматы мен екі шулы граната тәркіленді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдіктінің қалада орын алған тәртіпсіздіктер кезінде басқа да қылмыстық іс-әрекеттерге қатыстылығын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Тәркіленген қару-жарақтарға қатысты арнайы сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.