Тұрғындарға елдімекендерден алыс жолға шықпау қажеттілігі түсіндірілді
Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 10-ға жуық көлік құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтарда өңір жұртшылығына бұрқасын, көктайғақ және қатты жел ескерту жарияланған.
Тұрғындарға елдімекендерден алыс жолға шықпау қажеттілігі түсіндірілді. Алайда бұл кеңесті тыңдамағандар да болды.
«Мәселен, республикалық маңызы бар «Шемонаиха-РФ шекарасы» тас жолының Шемонаиха ауданы маңында 2 шағын автобус, 6 жеңіл және 3 жүк көлігі қар құрсауында қалған. Құтқарушылар, жол қызметтері және жергілікті атқарушы орган өкілдері оқиға орнына жылдам келіп жетті. 10 адам, оның ішінде бір бала Шемонаиха қаласының жылыту пунктіне жеткізілді. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілді» делінген хабарламада. Қазіргі уақытта көліктер түгелдей қар құрсауынан шығарылған. Сондай-ақ тас жолдың аталған учаскесі қардан тазартылды.