Заңсыз аң аулау: СҚО-да елік атқандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл облыста биыл тіркеліп отырған екінші заңсыз аң аулау оқиғасы

Солтүстік Қазақстан облысындағы Октябрь ауылы маңында екі бірдей елікті атып, көліке тиеп алған браконьерлер қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

М.Жұмабаев ауданында экологиялық қылмыстарды болдырмауға және алдын алуға бағытталған тексеру жұмыстары кезінде полиция және орман шаруашылығы қызметкерлері елік атқандарды қолға түсірген.   

Полиция өкілдері ВАЗ 21310 автокөлігінің жанына өтіп бара жатып, көліктің артқы тұсынан қарайған дақтарды байқаған. Олардың қырағылық танытқанын сезген көлік жүргізушісі дереу жылдамдықты арттырып, қашып кетуге тырысқан. Алайда көліктің соңынан қуып жеткен құзырлы орган өкілдері оны жол шетіне қыспақтап тоқтатады.

Көлік салонында Булаево аудан орталығының 1991, 1993 және 1995 жылдары туған үш тұрғыны болған. Ал көліктің артқы орындығында қапқа салынған ТОЗ-34ЕР маркалы тегіс ұңғылы қару мен 12 калибрлі оқ-дәрісі бар оқ салғыш жатқан. Артынша полиция қызметкерлері жануарларды заңсыз атқан жерді тапқан.     

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлімімен Сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының бірыңғай реестріне тіркелді. Автокөлік, жануарлар тушасы, қару мен оқ-дәрі салынған қап тәркіленіп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Ал күдіктілерге тиісті шаралар қолданылды.

«Бұл биыл тіркеліп отырған екінші заңсыз аң аулау оқиғасы. Тексеру жұмсыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыратын болады. 6 қаңтардан бері аң аулау тәртібін бұзған 26 адам және балық аулау тәртібін бұзған 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтау дерегі бойынша 3 адам жауапқа тартылды», – деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Табиғатты қорғау полициясы тобының басшысы Асхат Қожабеков.  

Полицейлер 1 қаңтардан бастап облыста борсық пен аша тұяқты жануарларды (бұғы, қабан, марал, сібір елігі) аулауға тыйым салынғанын еске салады. 15 ақпанға дейін түлкі, қоян, қарсақ, күзен аулауға рұқсат етілген.