«Видеодағының бәрі өтірік»: Түркістан облысының тұрғыны баласын байламағанын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желіде кең тараған видеодағы баланың анасы оқиға туралы айтып берді

Фото: видеокадр

Түркістан облысында түсірілген, әлеуметтік желіде кең тараған видеода байланған баланың анасы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Баланың анасы Дана Жураеваның айтуынша, ер адам бұл «шоуды» алимент төлемей, анасын ата-ана құқығынан айыру үшін әдейі ұйымдастырған.

«Сол күні мен жұмыстан келе жатып, бұрынғы күйеуімнің баламды алып кеткелі жатқанын көрдім. Оны тоқтатайын деп едім, оның туыстарының бірі мені теуіп жіберді. Ал оның видеоға түсіргендерінің бәрі өтірік. Ол балаларымды тартып алу үшін әдейі істеді», - дейді ол.

Ал Дананың әпкесінің айтуынша, видео түсірген кезде ер адам оларды бөлмеден қуып шығып, пышақпен қорқытқан.

«Біз баланы байлаған жоқпыз. Менің інім баламен ойнап отырып, оған бандаж кигізген. Ал баланың аузын әкесі байлады», - дейді Жұлдыз Пернебаева.

Ал видео авторы бұрынғы әйелінің балаларды гаражға қамап қойған кездері де болғанын айтады.

«Алимент төлемей кеткенім рас. Бірақ ол балалармен кездестірмей қойғаннан кейін осындай қадамға бардым», - дейді Бағлан Есботаев.