Павлодар облысында мешіттегі қайырымдылық жәшігінен ақша ұрлаған ауыл тұрғыны ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысында ауыл тұрғыны мешіттен ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Шарбақты аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне мешіттегі қайырымдылық жәшігінен ақша ұрланғаны туралы арыз түскен.

«Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 187-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберілді. Криминалист тексеру барысында қолдың папиллярлы сызықтарын, адамның саусақтарының іздерін анықтады», - деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінен.

Деректер автоматтандырылған іздеу жүйесіне енгізіліп,  картотека бойынша сәйкестік табылды.  Саусақ іздері 47 жастағы ауыл тұрғынына тиесілі екені белгілі болды.

Жедел уәкілдер оңай жолмен пайда тапқысы келген күдіктіні ұстады.

Тергеу жалғасуда.