Жол-көлік оқиғасының мән-жайын полиция анықтап жатыр
Алматының Медеу ауданында Тәтібеков пен Серпер көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысып, бес адам қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik.kz.
Апат куәгерлері мен №4 автобус жүргізушісінің айтуынша, №4 автобус аялдамада тұрған. Сол уақытта №203 автобус жылдамдықпен жүрген. Серпер көшесінен өткен соң жүргізуші аялдамада тұрған автобусты айналып өтпек болған, алайда сол жақтан көлік қозғалған. №203 бағдар жүргізушісі автокөлікпен соқтығыспау үшін рөлді оңға бұрған, артынша №4 автобусты соқты.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі автобуста 20-ға жуық адам зардап шекті деп хабарланған. Бірақ жедел жәрдем келгеннен кейін бес адамға көмек қажет екенін анықтаған.
"Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем бригадасы үш адамды жеткізді. Келген бойда пациенттерді травматолог және нейрохирург дәрігерлердің мультидисциплинарлық бригадасы қарап шықты. Оларға клиникалық-зертханалық зерттеулер қызметі көрсетілді. Науқастар ауруханаға жатқызудан бас тартып, амбулаториялық емделуге жіберілді", - деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Тағы екі адам №5 ауруханада тереңдетілген медициналық тексеруден өтті. Зерттеу нәтижелері мен қажетті көмек алғаннан кейін оларды емдеуді үйде жалғастыруға жіберді.
№4 маршруттың жүргізушісі қақтығыс болған кезде өзінің №203 автобусқа қарай жүгіріп барғанын айтты. Ол жерде автобус есігі ашылмай қалған.
Жүргізушілер әйнекті сындырып, іштен бірнеше адамды шығарды. Артынан артқы есікті ашып, зардап шеккендерге автобустан шығуға көмектесті.
Жол-көлік оқиғасының мән-жайын полиция анықтап жатыр.