Елордалық ұландықтар жоғалған баланы тауып берді

Автор: Azattyq Rýhy

Сарбаздар баланы әңгімеге тартып, оның адасып кеткенін анықтаған

Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қызмет барысында өзен жағасында үлкендердің қарауынсыз жүрген баланы байқайды. Кейін оны анасына табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери жасақ бастығы қатардағы Әділхан Серіков, патрульшілер қатардағы жауынгерлер Мирас Шәдібеков пен Азамат Орынбай өзендегі жаяу жүргіншілер көпірінің қасында үлкендердің қарауынсыз жүрген баланы байқайды.

"Сарбаздар баланы әңгімеге тартып, оның адасып кеткенін анықтайды. Болған жағдай патрульдік топ бастығына баяндалып, дереу балақайдың ата-анасын іздеу бойынша жұмыс ұйымдастырылады. Абырой болғанда, балақай анасының нөмірін жатқа білетін болып шықты", - делінген хабарламада.  

Телефон арқылы тілдескеннен кейін анасы келіп, баласын алып кетеді. Сарбаздарға қамқорлығы үшін алғысын білдіреді.